Жетісу облысында жүргізуші бөтен мемлекеттік нөмірді пайдаланғаны үшін 5 тәулікке қамалып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz.

ІІМ ақпараттық медиапорталының мәліметінше, Жаркентте полиция қызметкерлері басқа көлікке тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген көлікті анықтаған.

Анықталғандай, Audi 100 көлігінің жүргізушісі өз автокөлігіне Toyota Camry-дің мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатып, қала көшелерінде жүрген. Бұл бұзушылықты полиция қызметкерлері анықтаған. Көлік тоқтатылып, жүргізуші жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жіберілді.

Істі қарау нәтижесінде Панфилов аудандық соты жүргізушіні кінәлі деп танып, оған 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ер адам бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі алынып, белгіленген тәртіппен жойылуға тиіс.