Қазақстандағы 11 автозауыт жасанды интеллекттің бақылауына көшті. Жүйе қауіпсіздік пен құрастыру сапасын қадағалап, төтенше жағдайлардың алдын алады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтің апталық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.

Министрдің айтуынша, елімізде жеңіл көлік, автобус, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын бар. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл кәсіпорындарда жасанды интеллект және цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде», – деді Нағаспаев.

Қазақстанда өндірістердегі қауіпсіздікті басқаруға арналған жасанды интеллект негізіндегі жағдайлық орталық құрылды. Ол тәуекелдерді, төтенше жағдайлар мен ауытқуларды анықтауға және оларды жою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. «Интеллектуалды платформа бейнебақылау камераларынан, сенсорлардан және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдайды», – деп қосты министр.

Сонымен қатар, автозауыттарда дәнекерлеу жұмыстарының сапасын бақылайтын аналитикалық жүйелер қолданыла бастады. Бұған дейін Қазақстанның өз автомобиль өнеркәсібін қалай дамытып жатқаны хабарланған болатын.