Байройт университетінің жанындағы Бавария эксперименталдық геохимия және геофизика ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бастаған халықаралық зерттеушілер тобы планета бетінен 2900 шақырым тереңдікте Жер қалыптасқан кезден сақталған көне су қоры болуы мүмкін екенін анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл болжамды тексеру үшін мамандар зертханада төменгі мантияның экстремалды жағдайын жасады. Алмаз балғалар мен лазерлердің көмегімен үлгілерді атмосфералық қысымнан екі миллион есе асатын қысыммен сығып, 2500 градус Цельсийге дейін қыздырды.
Тәжірибе барысында бұрын белгісіз болған екі темір оксигидроксиді түзілді. Жұмыс авторларының пікірінше, дәл осы қосылыстар мантия мен ядро шекарасында суды ұстап тұруға қабілетті.
Талдау көрсеткендей, тығыз минералдық қосылыстар сутегі аз мөлшерде болғанның өзінде де түзіле алады. Зерттеу авторларының бірі Леонид Дубровинскийдің айтуынша, бұл минералдар бастапқы суды да, тектоникалық плиталардың қозғалысымен тереңге тартылатын ылғалды да ұзақ уақыт ұстап тұруға мінсіз үміткер болып саналады.
Жұмыс нәтижелері Nature Geoscience журналында жарияланды. Олар су айналымын және Жердің ішкі құрылымының эволюциясын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Тәжірибе зертханада өткенімен, ол планетаның көне су қорларын қайда жасыратыны туралы маңызды деректер береді.


