Алматы тұрғындары жер асты дүмпуін сезіп, президенттік хабарлама алған соң, көпшілігі ғимараттар мен пәтерлерін тастап шықты. Әлеуметтік желілерде 12-қабаттан, сондай-ақ мектептер мен университеттерден эвакуацияланған сәттердің видеолары пайда болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Желіде алматылықтардың жер сілкінісінен кейін пәтерлерінен көшеге шығып жатқан видеолары тарады. Кейбіреулері 12-қабаттан түсті. Оқу орындарында да эвакуация жүргізілді: бір роликте оқушылардың баспалдақпен жаппай төмендеп бара жатқаны көрінеді.
Threads әлеуметтік желісінде алматылықтар жер сілкінісі туралы хабарламалар жазып, эвакуация қалай өткенін айтты. «Алматыда жер сілкінісі болды. Кім сезді? Біз жұмыста өз бетімізше көшеге шықтық. Кейбір патриоттар кеңседе қалып қойыпты», — деп жазды бір қыз.
«Алматы, бүгін бізде қатты жер сілкінісі болды, бірақ балалар әдеттегідей керек сәтте бәрін жүйелі әрі нақты жасады. Бүкіл мектептің эвакуациясы тез, нақты және қауіпсіз өтті. Балалар өздері тұрып ойнап жатыр», — деп атап өтті мұғалім әлеуметтік желіде.
«Хабарлама әдеттегідей кеш келді... Көршілердің бәрі сыртқа шықты, жақын маңдағы мектептің барлық оқушысын да алып шықты», — деді тағы бір қолданушы.
Университеттерде де оқу процесі тоқтатылды. Бұл туралы ashilova1165 хабарлады. «Қатты дүмпу сездік. Балалар қатты қорықты. Біз төртінші қабаттамыз, бізді қатты шайқады. Дүрбелеңсіз бірден көшеге шықтық. Қолым әлі дірілдеп тұр, күтпеген жерден болды», — деп әңгімеледі оқытушы.
osmanov.i.z деген қолданушы хабарлама алған соң бірден көшеге шыққанын жазды. «Сиренаны жер сілкінісінен кейін ғана естідік. Екі қатты дүмпу болды. Қаланың орталығындамыз. Шығыс бөлігін онша шайқамаған дейді, КАМАЗ өтіп кеткендей болды», — деп айтты ер адам.
Кейбіреулер жер сілкінісін пәтерде отырып сезді. Жер асты дүмпуінің сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалды.
Еске салайық, бұған дейін ҚР ТЖМ «СЖҒЗОжИ» ЖШС-нің сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеген болатын. Сейсмикалық оқиға Алматы қаласында тіркелгені хабарланды. Кейінірек Алматыдағы сезілу деңгейі 3-4 балл болғаны белгілі болды. Сондай-ақ дүмпулер Қаскелеңде — 2-3 балл; Боралдай 19 км — 2-3 балл; Өтеген батыр 28 км — 2 балл болды. Кейін ТЖ министрлігі Алматыдағы жер сілкінісі туралы деректерді жариялады — мегаполистегі және облыстағы сезілу деңгейі белгілі болды.


