Жетісу облысында CVK қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған жұбайларға үкім шықты. Жергілікті екі тұрғын инвестициялық «пакеттерден» табыс, бонус пен сыйлық уәде етіп, 21 салымшының қаражатын тартқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің облыстық прокуратураға сілтеме жасап хабарлауынша, Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен жергілікті екі тұрғын CVK брендінің көлеңкесінде ұйымдастырған қаржылық (инвестициялық) пирамиданың құрылымдық бөлімшесінің қызметі тоқтатылды.

«Жұбайлар азаматтардың ақшасын тартып, оларға инвестициялық «пакеттер» сатып алуды ұсынған, салымдардан табыс табуға уәде берген. Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін ақшалай төлем мен сыйлық түрінде қосымша бонус та уәде етілген. Құқыққа қайшы әрекеттің салдарынан 21 салымшы зардап шекті», — деп хабарлады қадағалау органында.

Сот үкімімен жұбайлар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 2-бөлігі бойынша (қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және оны басқару) кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 айға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі CVK болжамды қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын мәлімдеген. Қазақстанның 14 өңіріндегі аумақтық департаменттер тергеу жүргізген.