Жетісу облысында Текели қаласының жаңа әкімі тағайындалды. Ол — бұған дейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған 44 жастағы Айдос Бекетаев, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыс әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, Президент Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісілген соң, Текели қаласының әкімі болып 44 жастағы Айдос Бекетаев тағайындалды. Жаңа басшыны қала активіне облыс әкімі Бейбіт Исабаев таныстырды.

Облыс басшысы Текели қаласының әкімі қызметін төрт жыл атқарып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен босатылған Алмас Әділге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Айдос Бекетаев 1982 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді. Ол «Тұран» университетін, Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «қаржы», «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген, техника және технология магистрі.

Еңбек жолын Алматыдағы «Ерсак» ЖШС-нің менеджері ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әр жылдары көріктендіру бөлімінің бас маманы, әкім аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2023 жылдың қазан айынан осы тағайындауға дейін Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.