Жетісу облысындағы Талдыбұлақ ауылының маңындағы сақ қорғандарында ауыр техникамен жер қазу жұмыстары түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Полиция вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Талдыбұлақ ауылында сақ қорғандарын техникамен қазып жатыр. Археологтар олай істемейді», — деп жазды видео авторы.

Пайдаланушылар кадрларға белсенді үн қатты. Пікірлерде: «Кім қазып жатыр?», «Бұл қорғандар — тарихи мұра, мемлекет қорғауында болған», «Қара қазғыштар. ІІМ, ҰҚК және басқа органдар, сендер қайдасыңдар?» деген сауалдар айтылды.

Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы 2026 жылғы 14 қазанда әлеуметтік желілерде Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Шұбар ауылдық округінде орналасқан археологиялық қорған аумағында ауыр техникамен заңсыз жер қазу жұмыстары жүргізілгені туралы ақпарат тарағанын түсіндірді.

«Қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жіберуге қажетті материалдар дайындалды. Қазіргі таңда учаскедегі барлық жұмыс тоқтатылды», — деді орталықта.

Жетісу облысы полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне полиция вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде.