Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолын жаңғыртып, оның бүкіл бойымен қозғалысты ашу жақын айларда аяқталады. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Жезқазған-Қызылорда» автожолындағы жұмыстар 90 пайызға орындалды. Жақын айларда қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр. «Жезқазған – Қарағанды» бағытында биыл топырақ төсеу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар «Ұлытау-Арқалық» жолының 89 шақырымдық бөлігіндегі жөндеу қазан айында бітеді», – деп келтіреді әкімнің сөзін оның баспасөз қызметі.

Есет Байкен облыс орталығы – Жезқазған қаласындағы вокзалдың ашылу салтанатында сөз сөйледі. Бұдан бөлек, Қызылжар, Қаражал және Жаңаарқа станцияларындағы вокзалдарды жаңғырту аяқталды. Қазіргі таңда Ұлытау облысы Қазақстанның алты облысымен теміржол қатынасымен байланысқан. Жаңғыртылған вокзалдар өңір тұрғындары мен облыс қонақтарына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Әкім вокзалдарды жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Қазіргі таңда елдің транзиттік әлеуетін арттыратын Қызылжар-Мойынты теміржол желісінің құрылысы да жүріп жатыр.

Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желілерде екі облыс орталығын ең қысқа жолмен жалғайтын Жезқазған-Қызылорда автожолының нашар жағдайына бірнеше рет шағымданған. Бұл жол Қызылордадан Астанаға, одан әрі елдің солтүстігіне немесе Ресей Федерациясына қысқа жолмен жетуге мүмкіндік береді. Алайда жол төсемінің сапасыздығынан, ал жаңғырту басталған соң жекелеген учаскелердегі айналма жолдарға байланысты жүргізушілер елдің оңтүстігі арқылы ұзағырақ жолды (оңтүстік, Балқаш және Қарағанды арқылы шамамен 2 мың км) таңдайды.

Жезқазған-Қызылорда автожолының ұзындығы 424 км, оның 216 шақырымы Қызылорда облысына тиесілі. 2025 жылдың қарашасында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев (қазір ҚР бірінші вице-премьері) Қызылорда облысындағы 216 шақырымдық учаскенің реконструкциясы аяқталғанын хабарлаған. Ұлытау облысындағы учаске әлі жұмыс үстінде. Жезқазған-Қызылорда автожолын жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталған.