26 жастағы қазақстандық теннисші Жибек Куламбаева Армения атынан өнер көрсететін Алина Чараевамен бірге Румынияның Яссы қаласында өтіп жатқан WTA-250 санатындағы турнирдің жұптық сынында тұңғыш рет жартылай финалға шықты. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.

Ширек финалда қазақстандық-армяндық дуэт испандық Георгина Гарсия Перес пен ресейлік Алевтина Ибрагимованы 6:2, 7:5 есебімен жеңді. Бірінші сетте Жибек пен Алина екі брейк жасап, 3:0 есебімен алға шығып, сенімді жеңіске жетті. Екінші сет тартысты өтті: қарсыластар екі рет есепті теңестірді, бірақ шешуші брейкті Куламбаева мен Чараева 11-ші геймде жасады. Матч 1 сағат 16 минутқа созылды, бірде-бір эйс берілмеді, ал ұтыс ұпайлары 61:46 болып, жеңімпаздардың пайдасына шешілді.

Жартылай финалда Куламбаева мен Чараева турнирдің бірінші ракеткалары — бельгиялық Магали Кемпен және ресейлік Александра Пановамен кездеседі. Екі теннисші үшін де WTA-250 жартылай финалына шығу тарихи жетістік болды.

Жеке сында бұрынғы ресейлік, қазір Армения атынан өнер көрсетіп, Испанияда жаттығатын Чараева қазақстандық Юлия Путинцевадан 3:6, 3:6 есебімен ұтылды. Ал Куламбаева жеке сынның іріктеуінде испандық Лейра Ромеро Гормезге 1:6, 4:6 есебімен есе жіберді.

Unicredit Iasi Open турнирі 2022 жылдан бері топырақ корттарында өткізіледі. 2025 жылы ол WTA күнтізбесіндегі Венгрия Гран-приінің орнына еніп, 250 санатына ие болды. Жеке сында жергілікті теннисшілер үш рет жеңіске жеткен, 2024 жылы ресейлік Мирра Андреева чемпион атанған. 2024 жылы жұптық сында қазақстандық Анна Данилина мен ресейлік Ирина Хромачева топ жарды.

Unicredit Iasi Open-2026 жүлде қоры 283 350 долларды құрайды. Бірінші ракетка румындық Жаклин Кристиан соңғы сәтте жарыстан бас тартты, оның орнын Юлия Путинцева басты.