Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан жол төсеміне 23 тонна пияз төгілді. Оқиға Жақсы — Есіл — Бұзулық автожолының теміржол өткелінде болған. Онда Volvo жүк көлігі мен локомотив соқтығысқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жүк көлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салушы сигналын елемей, өткелге шығып, локомотивпен соқтығысқан. Бақытымызға орай, апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда тасымалданатын жүк — шамамен 23 тонна пияз — жолға төгіліп, көлік қозғалысына елеулі кедергі келтірген.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, жол қозғалысын реттеп, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Олар ЖКО салдарын толық жойғанға дейін оқиға орнында болып, жол төсеміне төгілген пиязды жинауға көмектескен. Қажетті жұмыстар жүргізілгеннен кейін аталған учаскеде қозғалыс толық қалпына келтірілген.

ЖКО фактісі бойынша тексеру жүргізіліп, жүк көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.