Қазақстанда ең жоғары жалақы ұсынатын бос орындар IT саласында шоғырланған, мұнда мамандар айына екі миллион теңгеге дейін табыс таба алады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жұмыс берушілер көбінесе білім беру, денсаулық сақтау және құрылыс салаларына қызметкерлер іздейді. Сондай-ақ өндіріс, көлік және логистика салаларында да сұраныс жоғары. Ал табыс деңгейі кәсіпке, біліктілікке және жұмыс тәжірибесіне тікелей байланысты.

Электрондық еңбек биржасында жалақысы 300 мың теңгеден асатын 11 мыңнан астам бос орын тіркелген. Білікті мамандар үшін одан да тартымды жағдайлар қарастырылған: IT саласында – 2 миллион теңгеге дейін, өндірісте – 1,7 миллионға дейін, құрылыста – 1,2 миллионға дейін, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтауда – 1 миллионға дейін, білім беруде – 750 мың теңгеге дейін.

Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы үміті ұшқыш (2,39 млн теңге), стюардесса (1,43 млн теңге) және электр станциясының бастығы (шамамен 1,32 млн теңге) лауазымдарына үміткерлерде тіркелген.

Бұған дейін қазақстандықтар өзін кедей сезінбеуі үшін айына 320 мың теңге қажет екені хабарланған болатын.