Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасы Марлен Маматалиев шетелдік туристерге парламентке тұрақты танысу сапарларын ұйымдастыру мәселесін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жогорку Кенештің баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы жылдары шетел азаматтарының қырғыз парламентінің қызметіне қызығушылығы артып, Жогорку Кенештің жұмысымен танысуға деген өтініштер көбейіп келеді.
«Экскурсиялық бағдарлама аясында туристерге мұражай мен мәжіліс залдарын аралау мүмкіндігі беріледі. Мұндай сапарлар белгіленген тәртіппен аптасына бір рет өткізіледі деп жоспарланып отыр. Экскурсиялық сапарларды ұйымдастыру Жогорку Кенештің ашықтығын арттыруға ықпал етіп, шетелдік қонақтарға Қырғыз Республикасының негізгі мемлекеттік билік органдарының бірі ретінде парламент қызметі туралы толық түсінік алуға мүмкіндік береді», — делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ Жогорку Кенеште келушілер парламенттің кәдесый өнімдерін сатып ала алатын арнайы кәдесый бұрышы ашылғаны хабарланды.
Маматалиев Жогорку Кенеш ғимаратының ерекше мәртебесі мен стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, сапарларды ұйымдастыру кезінде белгіленген қауіпсіздік ережелері мен парламент аумағында болу тәртібін қатаң сақтау қажеттігін айтты.
«Айта кету керек, Қырғыз Республикасының азаматтары үшін Жогорку Кенештің есігі белгіленген талаптар мен келу тәртібі сақталған жағдайда барлық бес жұмыс күні ашық», — деп еске салды баспасөз қызметі.


