«Astana Motors» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев Үкіметтегі брифингте Қазақстанда жаңа автомобильдер шығаруды неге арттырып жатқанын түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің автокөлік паркінде шамамен 5,5 млн машина бар, оның жартысынан көбінің пайдалану мерзімі 10-20 жылдан асады. Бұл автомобильдерді жаңасына ауыстыру қажет, сондықтан нарықты жаңа қытай және корей автокөліктерімен қамтамасыз ете алатын зауыттар салынды, деп хабарлайды infohub.kz.

«Бұл автомобильдерді ауыстыру керек, әрі жаңасына ауыстыру қажет. Сондықтан біз қазақстандық нарықты сенімді жаңа қытай автомобильдерімен қамтамасыз ете алатын зауыт салдық. Бізде Hyundai зауыты бар, Қостанайдағы әріптестер де автокөлік шығарады», — деді Бекнұр Несіпбаев.

Ол автомобиль кәсіпорындарына салынған инвестициялар қазақстандық автокөлік паркін жаңартуға бағытталғанын атап өтті. «Барлық инвестициялар қазақстандықтарды жаңа автомобильдермен қамтамасыз ету және автокөлік паркінің жаңаруы үшін жасалды», — деп мәлімдеді спикер.

Компания басшысының дерегінше, Қазақстанда жылына шамамен 230 мың жаңа автомобиль сатылады.