Қазақстанда жұмысқа қабылдаудың жаңа ережелері күшіне енді: енді жұмыс берушілер жекелеген санаттағы үміткерлерге жұмысқа қабылдамау себептерін түсіндіруге міндетті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Тамыз айынан бастап қолданысқа енген Еңбек кодексіндегі өзгерістерге сәйкес, бас тарту алған үміткерлер шешімнің жазбаша негіздемесін талап етуге құқылы. Атап өтілгендей, жұмысқа қабылдамау жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылықты білдірмейді, алайда жекелеген санаттағы кандидаттар үшін қосымша кепілдік пайда болды — бас тартудың шынайы себебін білу мүмкіндігі.
Жазбаша бас тартуды талап ету құқығына жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар, кәмелетке толмағандар және денсаулығында ерекшелігі бар үміткерлер ие болды. Заңгер Сергей Уткин түсіндірді: «Егер адамға ешқандай себеп айтылмай, осы төрт санатқа жататыны үшін жұмысқа қабылдаудан бас тартылса, ол бас тарту себебін жазбаша түрде хабарлауды талап ете алады. Ал егер бұл себеп оның баласының болуы, жүктілігі, кәмелетке толмағандығы немесе мүгедектігі болса, онда мұны сотта даулауға болады».
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушінің уәжі маңызды екенін атап өтті. Егер бас тарту лауазымға, тәжірибеге және біліктілікке қойылатын объективті талаптарға байланысты болса, ол негізді деп танылуы мүмкін. Алайда кандидаттың жеке жағдайлары кемсітуге себеп болмауы тиіс. ҚР ЕХӘҚМ еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Ерболат Абылхатин мәлімдеді: «Жұмыс беруші жазбаша бас тартуды нанымды дәлелдермен ғана бере алады. Егер қызметкер біліктілік талаптарына сай келсе, денсаулығы жарамды болса, жұмысқа қабылдауда шектеу мен кемсіту болмауы керек».
Қазақстандық рекрутерлер болса, жаңашылдықтар жұмыс беруші мен кандидат арасындағы қарым-қатынасқа вакансия іздеу кезеңінде-ақ әсер етуі мүмкін деп есептейді. Маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы атап өтті: «Меніңше, бұл жұмыс берушілерге де, үміткерлерге де оң әсер етеді, өйткені жұмыс беруші ашық болып, бас тартудың нақты себептерін айтқанда, бұл үміткер үшін пайдалы. Ол әрі қарай өзіне толық сай келетін позицияларға ғана өтініш береді. Жалпы, қазір еңбек нарығы ашық бола түсуде».


