Жамбыл облысында сот жылқы иесін пойызбен соқтығысқаннан кейін келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді. Ер адам теміржол компаниясына 531 мың теңге төлейді, деп хабарлайды infohub.kz.
Оқиға 2025 жылдың қарашасында Отар – Шу аралығында болды. Жолаушылар пойызы қозғалып келе жатқанда теміржол жолына жылқы жүгіріп шықты. Машинист шұғыл тежеу мен дыбыстық сигнал берді, алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады.
Оқиға салдарынан электровоз зақымданып, жөндеуге жіберілді. Қалпына келтіру жұмыстарының құнын теміржол компаниясы 531 мың теңгеге бағалады.
Тергеу барысында жануар иесінің тұлғасы анықталды. Сот ер адамның бұрын теміржол жанында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтады.
Осыдан кейін тасымалдаушы Шу аудандық сотына материалдық залалды өтеу туралы талаппен жүгінді. Сот локомотивтің зақымдануына жануарды дұрыс күтпеу және байлаусыз жаю себеп болды деп тауып, талапты қанағаттандырды.
Сот жылқы иесінен 531 мың теңге өтемақы өндіріп, мемлекеттік баж салығын төлеуді міндеттеді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

