Зимбабведегі қайық апатынан қаза тапқандар саны 68-ге жетті. Тағы 22 мәйіт табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сейсенбі күні Замбиямен шекарадағы Кариба көлінде паром аударылған еді. Тергеу нәтижесінде кеме қатты жел кезінде шамадан тыс жүктелгені анықталды. Қаза тапқандардың ішінде 18 бала бар, деп хабарлады Зимбабве полициясы. Бұл ел тарихындағы ең ірі қайғылы оқиға болып отыр.
Жолаушылардың көпшілігі көл маңында тұратын ауыл тұрғындары мен балық сатушылар болған. Ресми өкілдердің айтуынша, кеме 90 адамға рұқсат етілген, бірақ 114 ересек, 5 экипаж мүшесі және белгісіз сандағы балалармен толып кеткен.
Іздеу операциясына қатысқан катер полкінің командирі подполковник Джозеф Мучечеси: «Бүгінге дейін 22 мәйітті алып шықтық. Барлық мәйіттерді таба алатынымызға сенімдіміз», — деді.
Азаматтық қорғаныс бөлімі сәрсенбіде 77 адамның құтқарылғанын хабарлады. Кариба қаласындағы аудандық ауруханада жүздеген адам туыстарының мәйітін тану үшін жиналды.
Бейсенбіде астанадан 280 шақырым солтүстік-батыста орналасқан Карибада жерлеу рәсімінен бұрын еске алу шарасы өтті. Аман қалғандардың айтуынша, олар кеме суға толып, қайта оралуды өтінген, бірақ жүргізуші оларды тыңдамаған.
45 жастағы Чанс Сиямаву агенттікке берген сұхбатында: «Құдайға шүкір, толқын батып бара жатқан кемені итеріп, біз үстіне шыға алдық. Қайық аударылғанда, көпшілік құтқару кеудешелерін алуға ұмтылды, бірақ олардың көпшілігі оны қалай пайдалануды білмеді. Көп адам құтқарыла алмады», — деді.
Кариба көлі — әлемдегі ең үлкен жасанды су қоймасы. Ол 200 шақырымнан астамға созылып, кей жерлерде ені 40 шақырымға жетеді. Ол 1950 жылдары Британ отаршылдығы кезінде Замбези өзеніне бөгет салу арқылы жасалып, 57 мыңға жуық адам қоныс аударуға мәжбүр болған.
2014 жылы Замбия бөлігінде тағы бір қайық апаты болып, 26 адам, оның 24-і балалар, қаза тапқан. 2021 жылы Зимбабве жағында бес жолаушы суға батып қайтыс болған.


