Зимбабведе шіркеу мүшелерін тасымалдаған маршруттық такси мен жүк көлігінің соқтығысуынан 27 адам қаза тапты. Бұл туралы полиция өкілі хабарлады, деп мәлімдейді infohub.kz.
Полиция өкілі Пол Ньятидің айтуынша, жұма күні түнде астана Харареден 132 шақырым (82 миль) оңтүстікке қарай орналасқан Чивху қаласының маңындағы ірі тас жолда ақ киімді жергілікті африкалық христиан діни ұйымының мүшелерін конференцияға апарған маршруттық такси басқа көлікті басып озуға тырысқан жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Мемлекеттік телерадиокомпания ZBC провинциялық үкімет министріне сілтеме жасап, 23 адам оқиға орнында қаза тапқанын, ал қалғандары жергілікті ауруханаға жеткізілгеннен кейін жарақаттарынан көз жұмғанын хабарлады. Жергілікті БАҚ маршруттық таксидің жалынға оранып, күйіп кеткенін көрсететін суреттерді жариялады.
Ньяти екі көлікте де белгісіз саны жолаушы болғанын айтты. Зимбабведе адам толған автобустар мен маршруттық таксилер қатысқан жол апаттары жиі кездеседі және олар көбінесе қауіпті жүргізу мен жолдың нашар жағдайына байланысты болады.
Зимбабве — жол қауіпсіздігі ең нашар елдердің бірі, биліктің мәліметінше, апаттардың 94% адам факторынан болады. БҰҰ Африка экономикалық комиссиясының дерегінше, Африкада жыл сайын жол апаттарынан шамамен 300 мың адам қаза табады, бұл әлемдік көрсеткіштің төрттен бірін құрайды, ал құрлықта әлемдегі көліктердің небәрі 3% ғана бар.


