Зимбабведегі Кариба көлінде сейсенбіде артық жүк тиелген паром аударылып, кем дегенде 15 адам қаза тауып, 27 адам хабарсыз кетті. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық басқармасы хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, 77 адам құтқарылып, көлдегі бір аралға жеткізілген.
Зимбабвенің азаматтық қорғаныс қызметі сатылған билеттер бойынша паромда 114 ересек жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын растай алатынын, алайда билет талап етілмейтін жастағы балалардың нақты саны белгісіз екенін айтты. Паромның сыйымдылығы 90 адамға арналған.
Жергілікті парламент депутаты Муца Муромбедзи өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жағадағы адамдардың ескірген паромды жолға шығарып салып жатқанын көрсететін видео жариялады. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары бұл паромды көл бойымен Кариба қаласына бару үшін пайдаланады. Видеода жағадағы кейбір адамдар паромның көлдегі қатты толқындарға төтеп бере алатынына алаңдаушылық білдірген.
Бұған дейін Зимбабве полициясы құтқару операциясы жүріп жатқанын хабарлаған, бірақ ешқандай қосымша мәлімет бермеген. Зимбабвенің мемлекеттік телеарнасы ZBC тікұшақ айналып жүрген кезде жылдам жүзетін катерлердің көлдегі аударылған қайыққа қарай бет алғанын көрсететін видео жариялады.
Оңтүстік Африкадағы Кариба көлі Зимбабве мен көршілес Замбия арасындағы шекараның бір бөлігін құрайды. Бұл әлемдегі көлемі бойынша ең үлкен жасанды көл. Ол 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында Замбези өзеніне бөгет салу арқылы пайда болған. Нәтижесінде аңғар біртіндеп суға толып, қазіргі кезде ұзындығы 200 шақырымнан асатын, кей жерлерінде ені 40 шақырымға жететін үлкен көлге айналған. Зимбабве мен Замбия бұл көлді ортақ пайдаланады, ресми шекара көлдің ортасымен өтеді.


