Батыс Қазақстан облысының Круглоозерное ауылында жол-көлік оқиғасы болды. Lada Priora көлігінің жүргізушісі екі әйелді қағып, олардың бірі алған жарақатынан қайтыс болды, деп хабарлайды infohub.kz.
«Мой город» басылымының мәліметінше, оқиға Круглоозерное ауылында болған. Lada Priora тізгіндеген жүргізуші екі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккендердің бірі оқиға орнында қайтыс болды, екіншісі ауруханаға жеткізілді.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жүргізуші ұсталып, қамауға алынған. Жүргізілген сараптама оның апат кезінде мас күйінде болғанын көрсеткен. ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
«Тергеу БҚО ПД басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», — деп мәлімдеді полицияда.
Мессенджерлерде ЖКО-да ана мен қыз зардап шеккені туралы ақпарат таралуда. Бұл ақпараттың ресми растауы әзірге жоқ.


