Қымбат қазақстандық фильмдерді қаржыландырудан инвесторлар бас тартпайды. Отандық киноның ең қымбат туындысы «7 қарақшы» прокатта пайда әкелмегеніне қарамастан, осылай мәлімдеді венчурлік Tolqyn Film Fund қорының басшысы, бұрынғы шахматшы Дармен Садвакасов, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Tolqyn Film Fund қоры режиссёр Қуаныш Бейсектің картинасына 720 млн теңге салған. Семей полигонының балама тарихына арналған фильм үш демалыс күнінде 730 млн теңге жинады — бұл сомаға дистрибьюторлар мен кинотеатрларға төленетін қаражат әлі кірмейді. Яғни, шартты түрде айтқанда, картина «нөлге шықты», авторларға пайда әкелмеді. Бейсек өзінің Instagram парақшасында мұндай тәжірибеден кейін Қазақстанда жақын екі-үш жылда қымбат эксперименталды кино түсірілмейтінін жазды.
Режиссёрдің пікірін фильмнің инвесторы, Tolqyn Film Fund жетекшісі әлеуметтік желілерде жоққа шығарды.
«Біз Dasco Capital және Tolqyn Film Fund қорымызда ең талантты қазақстандық кинөндірушілерге батыл идеяларды жүзеге асырып, әлемдік деңгейдегі фильмдер жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық шешімдерді қабылдауды жалғастыратынымызды сеніммен айтамыз», — деді Садвакасов.
Оның айтуынша, венчурлік инвестиция тәуекелді білдіреді, компания өз миссиясын орындау барысында — қазақстандық киноны халықаралық нарыққа шығару жолында — осыған дайын болған. Алайда пессимистік қорытынды жасауға әлі ерте, дейді кәсіпкер.
«Қор пайда табуға бағытталған. Қазақстандық прокаттың өзінен-ақ «7 қарақшы» залалсыздық шегіне жақындайды. Алда стримингтік платформалармен жұмыс және халықаралық сатылымдар бар, онда фильмнің әлеуеті зор, сондықтан түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте», — деп есептейді инвестор.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle «7 қарақшы» фильмінің сюжеті не туралы екенін және картинада қазақстандық мәдениет пен тарихқа қандай сілтемелер бар екенін жазған.


