Air India әуекомпаниясының Германияның Франкфурт қаласынан Үндістанның Дели қаласына ұшып бара жатқан рейсі әуе кемесін ұстап алу қаупі туралы белгі берілген соң Джайпур әуежайына шұғыл қонды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
The Times of India басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлауынша, ұшақ ұстап алу қаупіне байланысты іске қосылған дабылдан кейін Джайпурге бағытталған.
Алдын ала деректерге қарағанда, ұшқыш Squawk 7500 кодын іске қосқан — бұл халықаралық деңгейде мойындалған, ұшақты ұрлау немесе оны басқаруға заңсыз араласу белгісі. Бұл әуе кемесі Мумбаи үстінде болған кезде орын алған.
AI-2030 ұшағы аман-есен қонып, дереу арнайы оқшаулау аймағына алынғаны белгілі болды — бұл авиациялық қауіпсіздік саласындағы төтенше жағдайларға арналған стандартты операциялық рәсімдерге толық сәйкес жасалды.
The Tribune India басылымы ұшақ Джайпурге жарылыс қаупіне байланысты бағытталған деп жазады. Малвия-Нагар ауданы полициясының комиссар көмекшісі Шив Даял әуежай әкімшілігі полицияны Франкфурт — Дели рейсінің «жарылыс қаупіне» байланысты шұғыл қонғаны туралы хабардар еткенін мәлімдеді.
Ұшақ бортындағы жолаушылар саны әзірге белгісіз, әуекомпания ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.


