Ақмола облысында ауылдық округ әкімі жауапкершілікке тартылып, прокуратураның араласуынан кейін жер конкурсының қорытындысы күшін жойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы прокуратурасының ресми сайтында хабарланғандай, Біржан сал ауданының прокуратурасы бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асырып жатқан «Zere Agro Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құқығын қорғады.
Ведомствоның мәліметінше, құны 600 млн теңге болатын инвестициялық жоба 10 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру барысында инвестор жер учаскесін алу кезеңінде-ақ кедергіге тап болған.
«Прокурорлық сүйемелдеу барысында жер учаскесін беру конкурсын өткізу кезінде Үлгі ауылдық округінің әкімі қатысушылардың біріне тұрғылықты жері туралы анықтама бергені, ондағы мәліметтер мемлекеттік тіркеу есебінің деректеріне сәйкес келмейтіні анықталды. Осы анықтаманың негізінде жер комиссиясы қатысушыға қосымша баллды негізсіз қосты. Бұл конкурс нәтижелеріне әсер етіп, инвестордың құқығын бұзды», — деді Ақмола облысының прокуратурасында.
Аудан прокуратурасы әрекет қолданды. Үлгі ауылдық округінің әкімі кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар істі қарау нәтижесінде сот конкурстың қорытындысын күшін жойды.
Қазір «Zere Agro Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскесін беру мәселесі аудан прокуратурасының бақылауында тұр.
Ақмола облысы Біржан сал ауданы Үлгі ауылдық округі әкімі аппаратының ресми сайтындағы деректерге сәйкес, ауылдық округ әкімі 2022 жылғы 17 қазаннан бері Рысжан Абжанова.


