Солтүстік Қазақстан облысында ұрланған «ВАЗ-2112» көлігін Ақмола облысының полицейлері әріптестерінен бағдарлама алып, тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 20 қазан күні таңертең полицейлер ұрланған «ВАЗ-2112» көлігіне бағдарлама алды. Солтүстікқазақстандық әріптестердің дерегінше, түнде белгісіз біреу Мамлют ауданының Новомихайловка ауылының тұрғынынан көлікті ұрлап кеткен. Қылмыскер Ақмола облысының жолдарымен жүруі мүмкін деп болжанған.
Бағдарламаны өңірдің барлық патрульдік экипаждарына дереу жеткізді. Сонымен қатар әкімшілік полиция басқармасының іздестіру тобының қызметкерлері көлік жүруі мүмкін бағыт бойындағы бейнебақылау камераларын бақылай бастады.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде іздестіріліп жатқан көлік Зеренді ауданының аумағында болуы мүмкін екені анықталды. Көп ұзамай патрульдік полиция батальонының 5-ші взводының инспекторлары Алтынбек Накенов пен Мирас Хамитов көлікті Астана — Петропавл автожолында тоқтатты.
Ұстау туралы ақпаратты Зеренді ауданы полиция бөлімінің тергеу-жедел тобына және Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестеріне жеткізді.


