Көптеген отбасы үшін жеке пәтер — болашақты жоспарлауға, бала тәрбиелеуге және ертеңгі күнге сенімді болуға мүмкіндік. Сондықтан Ақмола облысында көппәтерлі үйлер салынып, өңір тұрғындары үшін дайын баспана сатып алынуда. Жұмыстар Көкшетауда да, облыс аудандарында да жүргізілуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 290 пәтерлік 9 көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Тағы 4 үйді жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда. Жаңа баспана Жарқайың, Есіл және Ерейментау аудандарында, сондай-ақ Біржан сал ауданында пайда болады. Тұрғындар үшін бұл — баспана мәселесін шешіп, туған өңірде қалып, еңбек етуге қосымша мүмкіндік.

Қазіргі таңда облыста 814 пәтерлік 20 көппәтерлі үй салынып жатыр. Кейбір нысандар биыл аяқталады, қалғандары келесі жылы пайдалануға беріледі. Құрылыс Целиноград ауданында, Көкшетауда және Ерейментау ауданында жүргізілуде.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің тағы бір жолы — дайын пәтерлерді сатып алу. «Өңірде 1 067 пәтер сатып алуға қаржы қарастырылған, оның бір бөлігі жалдамалы, бір бөлігі кредиттік болады. Бүгінгі таңда Аршалы, Бурабай, Шортанды, Бұланды және Жарқайың аудандарында 400 жалдамалы пәтер сатып алынды. Тағы бірнеше ондаған пәтер конкурстық рәсімдерден өтуде», — деді бейінді ведомство басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.

Салынып жатқан үйлер аяқталған соң қосымша баспана пайда болады. Жақын арада Астрахан, Ақкөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарында, сондай-ақ Көкшетауда пәтерлер алу күтілуде. Облыс орталығында кредиттік баспана құрылысы да жалғасуда.

Жалпы, 9 айда 378,5 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Тұрғын үй нарығындағы ұсынысты арттырып, өңір елді мекендерінің одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.