Ақмола облысында Астана — Петропавл тас жолындағы жол-көлік оқиғасында ауыр жарақат алған полиция капитаны Данияр Таев 4 қарашада ауруханада қаза тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, апат 3 қарашада Астана — Петропавл автожолында болған. Патрульдік полиция қызметкері жол жұмыстарына тартылған арнайы техниканы сүйемелдеп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген.
«Алдын ала деректерге сәйкес, JAC көлігінің жүргізушісі жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, полицияның қызметтік автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан қызметкер ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмады», — деді Ақмола облысы полиция департаментінде.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. JAC көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде.
«Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан қызметкердің отбасы мен жақындарына көңіл айтады», — деп атап өтті ведомствода.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы науқастың жағдайы бастапқыда өте ауыр деп бағаланғанын хабарлады. Жүргізілген реанимациялық шаралар мен дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Өлімнің себебі — өмірмен үйлеспейтін ауыр жарақаттар.


