Ақтауда бір балабақшаның тәрбиеленушілерінің ата-аналары қызметкер қайтыс болған соң мектепке дейінгі мекемені уақытша жабуға талап қойды. Жағдайды Маңғыстау облысының білім басқармасы түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Балабақшада жұмыс істеген әйел өткен сәрсенбіде көз жұмды. Ата-аналардың айтуынша, олар қызметкердің ашық туберкулез түрімен ауыруы мүмкін екенін біліп, мекемеде карантин енгізуді талап ете бастаған.
Маңғыстау облысының білім басқармасы болған жағдай туралы «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-нің Маңғыстау облысы бойынша филиалының мамандарына хабарланғанын мәлімдеді. Балабақша әкімшілігі бейінді мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, олардың ұсынымдары мен нұсқамаларына сәйкес қажетті санитарлық-профилактикалық шараларды жүргізуде.
«Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің бірінің өмірден өткенін терең қайғыра хабарлаймыз. Оның туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Алдын ала медициналық деректерге сәйкес, оның өмірден өту себебі туберкулезге қатысы жоқ. Денсаулық жағдайына қатысты толық ақпарат бейінді медициналық мекеме басшылығының құзыретіне жатады», — деді ведомствода.
Онда карантин енгізу немесе балабақша жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жөніндегі уәкілетті органдардың құзыретіне жататынын қосты. Ол тиісті қаулының негізінде қабылданады.
Жағдай бақылауда екені атап өтілді.


