Ақтауда құрылыс компаниясы балалар ойын алаңындағы өрттің кінәлілері анықталғанын мәлімдеді: компания нұсқасы бойынша, өртке екі кішкентай қыз қатысты. Оқиғадан келген шығын шамамен 5 миллион теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Балалар алаңындағы өрт 11 қазан күні түстен кейін болған. Бұл ақпаратты облыстық төтенше жағдайлар департаменті растады. Ведомство дерегінше, қоқыс өртенген.

Құрылыс компаниясының хабарлауынша, өрт салдарынан ойын кешені, әткеншектер, сондай-ақ жарақаттан қорғайтын жабын зардап шеккен.

«Болашақ Өзен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар екі қызды анықтағанын мәлімдеді.

«Өртеуге қатысты біз анықтадық. Балалар алаңында жатқан матрасты екі кішкентай қыз өртеген. Қазір біз заңды тұлға атынан құқық қорғау органдарына шығынды өтеу және мүлікті бүлдіру туралы арыз дайындадық. Кінәлілердің ата-аналарын жауапкершілікке тартамыз», — деді компанияда.

Сондай-ақ құрылыс компаниясы балалар алаңының резеңке жабыны тез тұтанатын материалдарға жатпайтынын қосты. Оның тұтануы үшін қосымша әсер қажет болуы мүмкін, мысалы, жанғыш заттарды пайдалану.

Серіктестік дерегінше, балалар алаңының құны 10 887 500 теңге, ал өрттен келген шығын 4 890 000 теңгеге бағаланған.

«Біз мұны ең алдымен адамдар үшін салып жатырмыз, ал адамдар бәрін бұзып жатыр», — деді компанияда.