Ақтауда сот қызмет бабында болмағаны және қызмет атқару кезінде ұялы телефон қолданғаны үшін жұмыстан шығарылған күзетшіні қызметіне қайтарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Ақтау қаласының №2 соты бұрынғы күзетшінің жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қойған талап арызы бойынша еңбек дауын қарады. Күзетші еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, қызметіне қайта орналасуды және тиесілі төлемдерді өндіріп алуды сұраған.

Ер адам 2016 жылдан бері серіктестікте күзетші болып жұмыс істегені анықталды. Жұмыс берушінің 2026 жылғы 20 ақпандағы бұйрығымен ол еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз бірнеше рет орындамағаны үшін жұмыстан шығарылған.

Жұмыстан шығаруға жұмыс берушінің күзетшінің қызмет бабында болмағаны және қызмет атқару кезінде ұялы телефон қолданғаны туралы тұжырымдары негіз болған.

Іс материалдарын, бейнебақылау камераларының жазбаларын және тараптардың дәйектерін зерделей келе, сот жұмыстан шығаруды заңсыз деп шешті.

Атап айтқанда, жұмыс беруші күзетшінің өз бетінше қызмет орнынан кеткенін не қорғалатын нысанды қараусыз қалдырғанын растайтын объективті әрі сенімді дәлелдер ұсынбаған.

Сонымен қатар сот ауа райы жағдайын ескерді: 2026 жылғы 28 қаңтарда қатты аязға байланысты күзетшінің жылыну үшін ғимаратта болуы және аумақты бейнекамералар арқылы бақылауы орынды қажеттілік деп танылды.

Сот сондай-ақ жұмыс берушінің ашық күзет орнында қызмет атқарған қызметкерді жылынумен қамтамасыз етпегенін ескерді. Осыған байланысты әділдік пен парасаттылық қағидаттарын негізге ала отырып, оның үнемі көшеде болуы туралы талап негізсіз деп танылды.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот қызметкердің талап арызын қанағаттандырды, жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп танып, оны күшін жойды. Ер адам күзетші лауазымына қайта орналастырылды, оның пайдасына мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 2 052 997 теңге жалақы және 50 мың теңге моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ сот шығындары өндіріліп алынды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.