Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде газ-ауа қоспасы жарылған кезде екі адам зардап шекті. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр, өміріне қауіп жоқ. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, 2026 жылғы 13 қарашада сағат 10:28-де жедел жәрдем қызметіне қоғамдық тамақтану нысанындағы оқиғаға байланысты шақырту түскен. Бір минут ішінде оқиға орнына жедел жәрдемнің екі бригадасы жетті.
Зардап шеккендерді №1 қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізді. Оларға қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетілуде.
Еске салайық, бүгін, 13 қарашада сағат 10:28-де Ақтөбеде Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылған. Оқиға салдарынан мекеменің қосымша ғимараты құлап, кейін өрт шыққан. Жарылыс толқыны тұрғын үйдің терезе құрылымдарын да зақымдаған. Екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.


