Ақтөбедегі Неке сарайында болған қайғылы оқиғаның жаңа мән-жайы белгілі болды: ҚТК телеарнасының дерегінше, қаза тапқан 26 жастағы әйел көпбалалы ана болған, оның төрт баласы қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Телеарнаның мәліметінше, төрт баланың екеуі қазір қылмыс жасады деп күдікке ілінген еркектің ортақ балалары. Облыстық полицияның дерегінше, күдікті — әйелдің бұрынғы азаматтық жұбайы, онымен ол шамамен үш жыл бірге тұрған.
Алдын ала анықталғандай, жанжал ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты туындаған. Еркек оқиға орнында ұсталды, қазір ол оқшаулағышта отыр.
Әйел қаза тапқан соң екі бала уақытша балалар үйіне орналастырылды. Тағы екеуінің тағдыры туралы ресми мәлімет әзірге жоқ.
«Отбасылық жағдайларға байланысты екі кәмелетке толмаған бала «Үміт» балалар үйіне орналастырылды. Бұл жағдай облыстық бала құқықтарын қорғау басқармасының және құзыретті органдардың бақылауында», — деді Ақтөбе облысы бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев.
Еске салайық, 3 қарашада Ақтөбедегі Неке сарайында қыздың өлтірілгені белгілі болған еді. Полиция күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстағанын, оның уақытша ұстау оқшаулағышына қамалғанын хабарлады. Қылмыстық іс қозғалды. Кейін полицейлер күдіктінің қаза тапқан әйелдің бұрынғы азаматтық жұбайы екенін айтты.


