Ақтөбеде полиция қызметкерлері футбол матчында жағымсыз мазмұндағы плакат ұстаған жасөспірім қыздардың жеке басын анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасында жазылғандай, жазба әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында анықталған. Кадрларда жасөспірім қыздар «Ақтөбе» мен «Ордабасы» командалары арасындағы ойын кезінде жағымсыз мазмұндағы плакат көрсетіп тұр.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің жеке басын анықтады. Олармен ата-аналарының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ата-аналар бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Жасөспірімдер өз әрекеттерінің жол берілмейтінін түсінді», — деп атап өтті Ақтөбе облысының полиция департаментінде.
Полиция ата-аналарды бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, оларға қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін және құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті түсіндіруге шақырды.
Еске салайық, Қазақстан премьер-лигасының 2026 жылғы маусымындағы шымкенттік «Ордабасы» мен «Ақтөбе» арасындағы матч 17 қазанда Ақтөбенің орталық стадионында өтті. Ол қонақтардың пайдасына 3:1 есебімен аяқталды.


