Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақстандықтарды A-дан E-ге дейінгі деңгейлерге бөлетін әл-ауқат калькуляторы таныстырылды. Көрнекілік үшін мамандар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің деректерін тексеріп көрді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, ол 48 жаста және қызметі үшін 1,2 млн теңге алады. Жұбайы 44 жаста, жұмыс істемейді.

Министрдің төрт баласы бар — 29, 23, 13 және 4 жаста. Екі үлкен ұлы жұмысқа орналасқан, жалақылары 600 және 400 мың теңге.

Министрдің отбасының мүлкінде 100 және 60 шаршы метрлік екі пәтер, сондай-ақ 2013 жылы шыққан Toyota Camry көлігі бар.

Әл-ауқат калькуляторы министрдің отбасын B санатына — әл-ауқаты жоғары деңгейге жатқызды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаевтың айтуынша, калькулятордың анонсы бүгін-ақ жарияланады.

«Калькуляторды пайдалана отырып, сіз өз үй шаруашылығыңызды, активтеріңізді, көлігіңіздің бар-жоғын дәл көрсете аласыз. Мұнда тағы бір маңызды нәрсе — әдістеме екі компонентті бағалайды: материалдық әл-ауқат және әлеуметтік компонент. Әлеуметтік компонент ай сайынғы жүктемені, отбасында мүгедектігі бар адамдардың, зейнеткерлік жастағылардың болуын, диспансерлік есепте тұруын және т.б. ескереді. Яғни, екі өлшемді модель бойынша 59-дан астам көрсеткіш ескеріледі», — деді вице-министр.

Еске салайық, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кейбір жәрдемақы түрлері отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау негізінде, мұқтаждық принципі бойынша берілетін болады.

Бұған дейін қазақстандықтардың қайсысы A (әл-ауқаты жоғары), B (әл-ауқаты орташа), C (305 мыңнан бастап табысы бар), D (кедейлік шегінде) және E (ең осал санат) санаттарына жатқызылатыны хабарланған болатын.