Алматыда жеңілдікті тұрғын үй кезегінде тұрған азамат өзіне ұсынылған 11 пәтерден бас тартты, себебі ауданы көңіліне толмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Бұл туралы Астанада өткен конференцияда «Отбасы банкі» алғашқы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Ашимов айтты.

Оның айтуынша, қазір кезекте тұрғандарға жаңа мүмкіндік берілген — олар орналасқан жерді таңдай алады. «Бұрын азаматтарда мұндай құқық болмады: әкімдіктер тұрғын үйді бөліп, шақыратын, ал адам бас тартса, бәрі бітетін. Енді кезекке ерте тұрған азамат, мысалы, Алматының Наурызбай ауданындағы тұрғын үйден Медеу ауданында тұрғысы келетініне байланысты бас тартса және сол ауданда салынып жатқан нысандар болса, Наурызбай ауданындағы тұрғын үйден бас тартып, Медеу ауданы бойынша бөлуге қатыса алады», — деді ол.

Департамент директоры атап өткендей, кейбір қазақстандықтар бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерген. «Алматыда тұрғын үй 11 рет ұсынылған азамат бар. Ол 2011 жылдан 2026 жылға дейін тұрғын үй кезегінде тұр, бұған дейін оған тұрғын үй еш ұсынылмаған. Ал соңғы екі айда оған ұсыныс жасалды, бірақ ол шартты түрде 11 пәтерден бас тартты: ауданы көңіліне толмады. Алайда соңында олар тұрғын үй алып, өзіне қолайлы ауданды таңдады. Яғни қазір азаматтар орналасқан жерді таңдай алады», — деді спикер.