Алматыда қаза тапқан 12 жасар Абылайхан Ержанұлының отбасы оған өлім жарақатын салған жасөспірімге қатысты сот шешімімен келіспей отыр. Туыстары трагедияға қатысы бар деп санайтындардың барлығын жазалауды талап етеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматыда 12 жасар Абылайханды пышақтап өлтірген жасөспірімді арнайы мектепке бір жылға жіберді. Қаза тапқан баланың туыстары мұндай шешімді әділетсіз деп санайды.
Бала маусым айында Алматыдағы әскери жатақханада өлтірілген. Оның анасы Замира Бадалованың айтуынша, жанжалға екі оқушыға да ұнаған қыз себеп болған.
«Айтуларынша, мұны бала жасапты. Бұл бала емес. Ол — қатыгездікпен әрекет еткен қылмыскер. Бұл кездейсоқтық емес, ол бұған дайындалған. Сондықтан біз көптеген олқылықты көріп отырмыз. Оны бір жылға арнайы мекемеге орналастырды деген шешім шығарды. Біз мүлдем келіспейміз. Бір жылда бала ештеңе түсінбейді. Мен осы іске қатысы барлардың барлығының, түгелінің жазалануын қалаймын», — деді қаза тапқан баланың анасы Замира Бадалова.
Оқиға болған күні 13 жасар оқушы Абылайханды сөйлесуге шақырған, ал кездескенде оған пышақпен шабуыл жасаған. Бала өлім жарақатын алды. Алғашында тоғыз соққы жасалғаны хабарланған. Алайда туыстарының айтуынша, кейін сараптама 16 жарақат анықтаған.
Оқиға кезінде өлтіруші 13 жаста болғандықтан, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмады. Ата-анасына әкімшілік жаза тағайындалды. Жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспейді.
«13 жасар жасөспірім сот шешімімен ерекше режимдегі арнайы мектеп-интернатқа орналастырылды. Бұл ретте қылмыстық істің тоқтатылуы болған оқиғаның салдарыз қалғанын білдірмейді. Жасөспірімге және оның ата-анасына заңда көзделген шаралар қолданылды. Кәмелетке толмаған бала профилактикалық есепке қойылды. Оның мінез-құлқы полицияның тұрақты бақылауында болады», — деп түсіндірді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бұған дейін Алматыда жасөспірімдер арасындағы жанжал 12 жасар баланың қаза табуымен аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.


