Алматыда әлі абаттандырылмаған аумақта ақылы тұрақ ұйымдастырылған. Бұған жергілікті тұрғын назар аударып, Threads әлеуметтік желісінде шағым жариялады. Әкімдікте жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сөз Төле би мен Жұмалиева көшелерінің қиылысындағы тұрақ туралы болып отыр. Әйел ақылы тұрақтарға қарсы еместігін атап өтті, алайда мұндай орындардың сапасы қызмет құнына сай болуы керек деп санайды.
«Мен ақылы тұрақтарға мүлдем қарсы емеспін, бірақ бір шартпен: бәрі сауатты ұйымдастырылып, тұрғындарға жайлы болуы және аумақ тиісті түрде абаттандырылуы керек. Ал бізде не көріп отырмыз? Тұрақ орындары әлі күнге дейін тиісті жағдайға келтірілген жоқ, ешқандай жақсарту жоқ, бірақ ақылы тұрақты ұйымдастырып үлгеріпті!» — деп жазды жарияланым авторы.
Ол сондай-ақ неге алдымен аумақты абаттандырып, тұрақ орындарын жүргізушілерге қолайлы етіп, содан кейін ғана ақы енгізуге болмайтынын сұрады. «Ақылы тұрақ — бұл жай ғана сызық пен тақтайша емес», — деп қосты алматылық.
Өтінішке әкімдікте жауап берді. «Төле би көшесі — Жұмалиева көшесі мекенжайында қазіргі таңда тұрақ аймағын ретке келтіру жұмыстары аяқталуда. Қазір бордюрлер түзетіліп жатыр, сондай-ақ асфальт жабынына жергілікті жөндеу жүргізіледі. Аталған жұмыстарды 29 қазанға дейін аяқтау жоспарлануда. Кезектілікке келетін болсақ: бірыңғай тұрақ кеңістігін ұйымдастыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда», — делінген хабарламада.


