Алматыда 11 жасар баланың анасы өз ауласында балаларды қорлау туралы арызданды. Оның айтуынша, бұл әрекеттер бір айдан астам уақыт жалғасқан. Тексеру басталғанын полиция департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Әйел өзінің шағымын Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Оның сөзінше, 13–14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт бойы балаларды ұрып-соғып, қорлап, бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеген.
11 жасар баланың анасы ұлының іші мен бүйрегіне соққы жасалғанын айтты. «13–14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам балаларды қорлады. Менің ұлымды іші мен бүйрегіне ұрды, былапыт сөздермен қорлады, Сайраннан аулап әкелген шикі балықты аузына және құлағына тықты. Мұның бәрін басқа балалар көрді. Олар балаларды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрледі, бүкіл аула қорқынышпен өмір сүрді», — деп жазды ол.
Оқиғадан кейін әйел полицияға барып, арыз жазды. Басқа ата-аналар да дәл осындай арыздар берген.
«Мен кек алғым келмейді. Мен балам мен басқа балалардың қауіпсіздігі мен әділдікті қалаймын. Барлығын жасырып, ұмыттыруға жол бермеймін», — деді әйел.
NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментіне сұрау жолдады. Ведомство жағдайға түсініктеме берді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеруді Алмалы ауданының полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
«Оқиғаның мән-жайы жан-жақты және объективті түрде зерттеледі, оның ішінде оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталады. Құқыққа қайшы әрекеттер расталса, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне заңнамаға сәйкес шара қолданылады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды белгіленген тәртіппен профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады», — деді полицияда.


