Алматы тұрғыны Станкевича көшесі, 9/11 мекенжайындағы үй маңындағы балалар алаңында азаматтардың әдепсіз қылықтарына шағымданды. Оның айтуынша, адамдар онда күн сайын жуынып, қырынып, ішіп, дәрет сындырады, сондай-ақ жыныстық қатынас жасайды, ал алаңда балалар ойнап жүре береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шағым Kris.p.media Telegram-арнасында жарияланды. Жарияланымда осының бәрінен кейін де алаңда балалар ойнап жүргені атап өтілген.

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі тілшіге Түрксіб ауданындағы балалар ойын алаңындағы жол берілмейтін қылыққа қатысты полиция шара қолданғанын мәлімдеді.

«Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында полиция қызметкерлері балалар алаңының аумағында ер адамның қырынып, үстіндегі киімін шешіп жатқаны түсірілген бейнежазбаны анықтады. Оның жеке басы анықталды. Жасаған әрекеті үшін ол Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалдар процестік шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды», — деп сендірді полицияда.

Алматы полиция департаменті қоғамдық кеңістіктер, әсіресе балалар алаңдары балалар мен отбасылардың қауіпсіз демалысына арналғанын еске салады. Жалпыға ортақ қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын және қоғамдық имандылықты қорлайтын қылыққа жол берілмейді.

«Заңда белгіленген тәртіппен бағасын алған әрбір осындай факт заңнамада көзделген шараларға әкеп соғады», — деп ескертті азаматтарға.