Алматының Алмалы ауданында интимдік қызмет көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін пәтерлерге рейд жүргізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы қалалық полиция департаменті Instagram-да мәлім еткендей, тәулік ішінде ауданда үш мекенжай тексерілді. Пәтерлерден интимдік сипаттағы қызмет көрсетіп жүргені болжамдалған әйелдер анықталды.
«Олар ұсыныстарын түрлі интернет-ресурстарда, соның ішінде «боди-массаж» деп аталатын желеумен жариялаған», — деп нақтылады қалалық ПД-да.
Барлық әйелдер аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Олармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, белгіленген тәртіппен тиісті профилактикалық есепке қою ұйымдастырылды.
«Алайда жауапкершілік тек тікелей қатысушылармен шектелмейді. Тексерілген пәтерлердің иелері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, материалдар Алмалы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасына жіберілді. Мамандар тұрғын үйді жалға берудің заңдылығын және салық заңнамасының сақталуын тексеруі тиіс», — деп қосты полицияда.
Алматы ПД-да полицейлер құқыққа қарсы әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін пәтерлерді анықтауды жалғастыратынын ескертті.


