Алматы облысында Dog House «Твардовский дом» қорғанының негізін қалаушы Владимир Тепляков қаза тапқаннан кейін жануарларды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жамбыл ауданында қалған 90-ға жуық ит азықпен қамтамасыз етілді, оларды орналастыруға еріктілер, зооқорғаушылар және жергілікті атқарушы органдар қосылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жануарлар біртіндеп басқа қорғандар мен жеке үйлерге тасымалданып жатыр, қалғандарына уақытша немесе тұрақты баспана іздестірілуде. Әкімдік мәлімдеуінше, жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер және белгілі зооқорғаушы, «ДОС» қорғанының жетекшісі Рамзан Бацалов қосылды. Жануарлар мен қажетті жабдықтарды тасымалдау үшін көлік берілді. Ол жергілікті атқарушы органдар мен еріктілермен бірлесіп, жануарларды орналастыру жұмыстарын үйлестіруге көмектесуде.

«Жамбыл ауданындағы Dog House „Твардовский дом“ қорғанында қалған 90-ға жуық ит азықпен қамтамасыз етілді. Қазір оларды басқа қорғандар мен жеке үйлерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде», — делінген хабарламада. Иттерді бағып-қағуға дайын тұрғындарды үн қатып, жануарларға жаңа үй табуға көмектесуге шақырады.

Зооқорғаушы сондай-ақ тексерілмеген ақпаратты таратпауды және еріктілерді, қорғандарды, мемлекеттік органдарды бір-біріне қарсы қоймауды сұрайды. Барлық тараптар өзара әрекеттесіп, жануарларға көмек көрсету мәселелерін бірлесіп шешуде.

«Бір нәрсені бірден түсіндіргім келеді. Бізді әкімдік қуып жатқан жоқ. Бізді жер иелері қуып жатқан жоқ. Себебі мүлде басқа. Қорған аумағында тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Онда адам өлтірілді, полиция өз жұмысын тыныш атқара алуы керек. Сонымен қатар, қазір онда жануарларды бағатын адам жоқтың қасы. Володяның отбасы тергеуге байланысты мәселелермен үнемі айналысуға мәжбүр, ал осыншама итті бағуға физикалық мүмкіндігі жоқ», — деді ол.

Бацалов иттерге көмектесу қаза тапқан Владимир Тепляковты білетін барлығының ортақ міндетіне айналғанын атап өтті.

«Володя Тепляков — біздің досымыз әрі ортақ жолдасымыз. Осы қиын кезеңде біз жануарларға қамқорлық жасау үшін бірлесіп әрекет етеміз. Бұл — біздің ортақ қайғымыз», — деді зооқорғаушы.

Зооқорғаушылардың айтуынша, қорғандар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жануарларға көмек ұйымдастыру үшін өзара әрекеттесуде.

«Білесіздер ме, 90 иттің барлығын кім тамақтандырып, сусындатты? Полицейлер. Қазір қылмыс орнында жұмыс істеп жатқан сол полицейлер. Сондықтан оларды ұрып-соғып, иттерді қуып жатқандай айыптаудың қажеті жоқ. Олар өз жұмысын атқарып жатыр, біз де өз жұмысымызды атқаруымыз керек», — деп қосты зооқорғаушы.

Бұған дейін Алматы маңындағы далада 90 ит қожайыны — Dog House «Твардовский дом» жануарларды құтқару қорғанының негізін қалаушы Владимир Тепляков қайтыс болғаннан кейін қалғаны хабарланған. Алматы облысы полиция департаменті қорған негізін қалаушының қаза табуының кейбір мән-жайларын ашты.