Алматыға кіреберістерде жүк көліктеріне арналған салмақтық және габариттік бақылау жүйелері орнатылады. Жабдықты монтаждау кезінде қозғалыс ішінара шектеледі — бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі нақтылағандай, жаңа кешендер ірі габаритті жүк көліктерінің жүрісін тиісті деңгейде бақылау үшін қажет.
Жүйелерді орнату жұмыстарына байланысты трассаларда қозғалыс ішінара шектеледі. 19 қазаннан 19 қарашаға дейін Күлжі трактысының қала шекарасынан Бұқтырма көшесіне қарай 200 метрлік бөлігінде реверсивті қозғалыс енгізіледі.
Сонымен қатар, осы кезеңде Іле трактысының қала шекарасынан Сүйінбай даңғылына қарай 200 метрлік бөлігінде де реверсивті қозғалыс жүргізіледі.
Жол қозғалысына қатысушылардан уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды, жылдамдық режимін ұстануды және маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды.
Айта кетейік, жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайына және технологиялық процеске әсер ететін өзге де факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.


