Алматыда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалдықтар деңгейі төмен аймақ (LEZ) шеңберінде көмір сатуға тыйым салу жоспарлануда. Сондай-ақ қалалық базаларға теміржол көлігімен отын жеткізу тоқтатылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Көмір базаларын Алматыдан Алматы облысына көшіру туралы тапсырманың орындалу барысы экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды. Көмірді теміржолмен жеткізуді 2026 жылдың соңына дейін тоқтату жоспарланып отыр. Алайда отырыста атап өтілгендей, жекелеген нысандарда отынды түсіру мен сату жалғасып жатыр.

«Ұсынылған деректерге сәйкес, көмір базаларында шамамен 24 мың тонна көмір бар. Оның 22,8 мың тоннасы, яғни 95%-ы кірпіш зауыттарына арналған ұсақ фракциялар. Қолданыстағы алаңдарды жалға беру шарттарын бұзуды 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарлануда. Бұл жұмыс атмосфералық ауаның ластануын азайту жөніндегі шаралар кешені аясында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қалада шағын және орта бизнес нысандарын қатты отыннан газға көшіру жалғасып жатыр», — делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен қатар «Eco Almaty» ЖШС дерегінше, газдандыру жұмысымен қамтылған 2 395 нысанның 1 879-ы газға көшкен. Тағы 516 нысан қатты отынды пайдалануды жалғастырып отыр. Оларды газға көшіру жұмысын Атмосфералық ауаны қорғау ережелерінің талаптарын және қалдықтар деңгейі төмен аймақты (LEZ) кезең-кезеңімен енгізуді ескере отырып жалғастыру жоспарлануда.

Әкімдікте жеке тұрғын үйлерді газбен жабдықтауға қосу да жалғасып жатқанын қосты. Алматының жеке секторын газдандыру деңгейі 99,6%-ды құрайды және бұл табиғи газға қосылудың техникалық мүмкіндігімен қамтамасыз етілуін сипаттайды.