Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мефедронды тайник арқылы таратты деп күдіктелген ер адамды ұстады. Оны жеке тінту кезінде бежевый түсті ұнтақ зат салынған 21 орама табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұстау туралы Алматы полиция департаментінің Instagram-аккаунтында мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, ұсталған адам есірткі сататын интернет-дүкеннің курьері болып жұмыс істеген.
«Жеке тінту кезінде бежевый түсті ұнтақ зат салынған 21 орама табылды. Алдын ала деректерге сәйкес, тәркіленген зат — мефедрон, ол қала аумағындағы тайник-закладкалар арқылы одан әрі таратуға арналған. Тексеру барысында ұсталған адам есірткі сататын интернет-дүкеннің курьері болып жұмыс істегенін түсіндірді. Онлайн-алаң операторынан тапсырма алып, тыйым салынған заттарды тайниктерге өзі орналастырған, ал сыйақыны криптоәмиян арқылы алған», — делінген полиция хабарламасында.
Тәркіленген зат сот сараптамасына жіберілді. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Есірткінің заңсыз айналымының мән-жайы анықталуда.


