Алматы тұрғындары «Бауыржан Момышұлы» метро станциясындағы үлкен кезекті видеоға түсіріп алды. Кадрларды Threads әлеуметтік желісінде dauletkyzy_aknur пайдаланушысы жариялады: видеода станцияға кіру үшін кезекте тұрған жолаушылардың көптігі көрінеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Бауыржан Момышұлы» станциясы, сағат 08:30-дағы кезек. Бұл қандай ұят», — деп жазды жолаушы.

Жарияланым пікірталас тудырды. Қала тұрғындарының көбі метроны ертерек іске қосуды сұрады.

«Қалқаман» ашылғанда, кезек көшеден басталады», «Таңертең интервалды қысқартуға болмай ма? Төменде де сондай адам көп», «Интервалды қысқарту үшін вагондар көп болуы керек және адамдар мәдениетті болуы тиіс», «Бұл соңғы станция, қалғандарында не болып жатыр?», «Таңертең пойыздарды тоқтаусыз жіберу керек», — деп жазады алматылықтар.

Бұл жазбаға Алматы қаласының көлік басқармасы жауап берді. Олар «Метрополитен» КМК ақпаратын ұсынды. «Б. Момышұлы» станциясында жолаушылардың жиналуы бірнеше автобустың бір уақытта келуіне байланысты екені, бұл жолаушы ағынының артуына және турникеттер алдында кезектің пайда болуына әкелетіні хабарланды.

Станцияда екі вестибюль жұмыс істейді, оларда 12 турникет орнатылған: 4-еуі QR жүйесі арқылы төлеуге, 8-і «Оңай» жүйесі арқылы төлеуге арналған. Бекітілген кестеге сәйкес, бір ауысымда 4 қызметкер жұмыс істейді.

«Қосымша кідірістер мобильді қосымшалар арқылы жол жүру ақысын төлеу кезіндегі қиындықтарға және кейбір жолаушылардың балансының жеткіліксіздігіне байланысты туындайды. Мұндай жағдайларда контролерлер қажетті көмек көрсетеді. Сонымен қатар, бірінші вестибюльдің жоспарлау ерекшеліктері жолаушылар көп уақытта өткізу қабілетін шектейді. Станция қалыпты режимде жұмыс істейді. Метрополитен қызметкерлері жолаушылардың турникеттерден ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда», — делінген жауапта.