Алматы облысында хирургтер үйде ойнап жүріп магнит жұтып қойған жеті және төрт жасар екі баланы шұғыл операция жасап құтқарды. Екеуі де ішінің ауырғанына және мазасыздыққа шағымданып, Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тексеру барысында бөгде заттар екі баланың да асқазан-ішек жолына түскені анықталды. Дәрігерлер шұғыл ауруханаға жатқызып, операция жасауға шешім қабылдады.
«Кіші баланың бөгде заттары асқазаны мен жіңішке ішегінің түрлі бөліктерінде болды. Магниттер бір-бірінен қашықтықта жатса да, тартылып, ішек қабырғаларын қысып тұрды. Тәжірибелі мамандар баланың асқазанынан 15 магнитті алып шықты, тағы 14-і жіңішке ішектен табылды. Баланың денесінен барлығы 29 магнит шығарылды. Үлкен баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысқан үш магнит табылды. Дәрігерлер лапароскопиялық операция жасап, арнайы хирургиялық әдіспен магниттерді соқыр ішек аймағына жылжытып, содан кейін алып шықты», — делінген хабарламада.
Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде ойнап жүріп байқаусызда жұтып қойған. Ата-анасы дер кезінде жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгінгені бақыт.
«Бірнеше магнитті жұту баланың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Магниттер ішектің түрлі бөліктерінде болса да, бір-біріне тартылып, оның қабырғаларын қысуы мүмкін. Соның салдарынан қан айналымы бұзылып, ішек тіндері зақымданады, тіпті тесілуіне дейін барады. Мұндай жағдайда кешігу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан дер кезінде медициналық көмекке жүгіну өте маңызды. Балалар магнитті жұтқаннан кейін шамамен бес сағаттан соң ауруханаға түсті. Уақтылы ауруханаға жатқызу мен медицина мамандарының жүйелі жұмысының арқасында қауіпті асқынулардың алдын алдық», — деп атап өтті хирург.
Дәрігерлер ата-аналарды балаларының қандай заттармен ойнайтынына мұқият болуға шақырады. Магнитті конструкторларды, ұсақ ойыншықтарды және жекелеген магнит бөлшектерін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.
Сондай-ақ дәрігерлер ескертеді: магнитті жұтқаннан кейін бала алғашқы кезде өзін қалыпты сезінуі мүмкін. Алайда кейін іштің ауыруы мен кебуі, лоқсу, құсу, тәбеттің төмендеуі, мазасыздық, дене қызуының көтерілуі және нәжістің бұзылуы байқалуы ықтимал.
Егер ата-ана баласының магнит жұтып қоюынан күдіктенсе, дереу медициналық көмекке жүгінуі қажет. Симптомдардың болмауы да қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Үйде жағдайдың нашарлауын күтуге болмайды.


