Алматы облысының тұрғыны TikTok-те тікелей эфирде Өзбекстан азаматымен сөзге келіп қалып, әкімшілік қамаудың ең ұзақ мерзіміне — 10 тәулікке алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, істі Қарасай ауданының мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша қарады.

Сот 2026 жылғы 10 қарашада шамамен сағат 21:00-де ер адам Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында TikTok-те тікелей эфир барысында Өзбекстан азаматымен сөзге келіп қалғанын анықтады. Дау кезінде ол былай деп балағаттап, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, соттан неғұрлым жеңіл әкімшілік жаза тағайындауды сұрады.

Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 10 тәулікке қамау түріндегі жаза тағайындалды — бұл осы баптың санкциясында көзделген ең ұзақ мерзім.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.