Алматы облысында Өтеген батыр ауылындағы «Жаңа Әлем» тұрғын алабының тұрғындарының көпжылдық мәселесі шешілді — бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Іле ауданының прокуратурасы аудан орталығы — Өтеген батыр ауылы тұрғындарының мүддесін қорғады.
2014 жылы 63 га жер 664 жеке учаскеге бөлініп, жеке тұрғын үй құрылысына сатылған. 10 жылдан астам уақыт бойы мұнда «Жаңа Әлем» тұрғын алабы қалыптасты.
«Алайда осы уақыт бойы бұл жерлердің бұрынғы жер пайдаланушының жеке меншігінде болуына байланысты көшелерді абаттандыру және жол инфрақұрылымын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілмеді. Әкімдіктің көшелерді, тротуарларды және сыртқы жарықтандыруды жайластыру жұмыстарын ұйымдастыруға құқықтық мүмкіндігі болмады, бұл тұрғын алап тұрғындарына үлкен қолайсыздық туғызды», — деді Бас прокуратурада.
Сонымен қатар, ведомствоның атап өтуінше, қалыптасқан жағдай жедел қызметтердің уақытылы жетуіне кедергі келтіріп, құқық бұзушылықтарға негіз болды.
Іле ауданының прокуратурасы тұрғындардың мүддесі үшін сотқа жүгінді. Сот шешімімен меншік иесі мемлекетке 20 га жер учаскесін берді. Бұл жергілікті билікке жол желісін салуға және жайластыруға, сондай-ақ басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
«Қабылданған шаралар микроауданның 1 500-ден астам тұрғынының тұрмыс жағдайын жақсартады», — деп қосты Бас прокуратурада.


