Алматының Бостандық ауданында түнде болған өрт бес адамның өмірін қиды. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Өрттен тұрғын үйі зардап шеккен тоғыз адам қонақүйге орналастырылды. Оларға заңдық көмек көрсетілуде, оның ішінде құжаттарын қалпына келтіруге жәрдемдесу қарастырылған.
Аудан әкімдігі діни қызметкерлермен бірлесіп жерлеу рәсімін ұйымдастыруды да өз мойнына алды.
Оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтердің жұмысын және бірінші кезектегі мәселелердің шешілуін үйлестіріп отыр.
«Қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасылар үшін ауыр осы кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай үнемі бақылауда», — деп хабарлады Бостандық ауданының әкімдігі.
Көмек көрсету және өзге де мәселелер бойынша азаматтар Алматы әкімдігінің 109 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады. Ол тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
Өрттің мән-жайы мен себептерін құқық қорғау органдары анықтап жатқаны атап өтілді. Барлық бейінді қызметтер жедел режимде жұмыс істеуде.
Бүгін таңертең Алматыда бес адамның қаза тапқаны белгілі болды. Олардың денесі қаланың Бостандық ауданындағы жеке үйде өртті сөндіру кезінде табылды. Полиция өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.


