Алматының Түрксіб ауданында патрульдік полиция қызметкерлері 26 жастағы ер адамды ұстады. Ол тәртіп сақшыларынан қашып, жолай күдікті затты тастап кетпек болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мегаполис полиция департаментінде түсіндіргендей, «Буран-811» патрульдік полиция экипажы Үлкен Алматы каналының бойындағы скверде қызмет атқарған. Құқық қорғаушылардың назарын бейтаныс адамның әрекеті тартты. Ер адам қашып кетпек болды, алайда алысқа ұзай алмады — оны жедел тосқауылдап, ұстап алды. Қашу барысында ол тастап кеткен зат қосымша сұрақ туғызды.
Алдын ала деректерге сәйкес, заттың ішінде майлы сұйықтық болған, оны ұсталған адам каннабис майы деп атаған. Алайда оның құрамын әлі де сарапшылар анықтайды.
Оқиға орнына Түрксіб ауданы полиция басқармасының тергеу-жедел тобы келді. Зат белгіленген процестік тәртіппен алынып, сот-химиялық сараптамаға жіберілді.
Ұсталған адам 26 жаста. Ол — Алматы облысының тұрғыны, өз сөзіне қарағанда, құрылыста уақытша жұмыс істеп жүр. Заттың шығу тегі, құрамы және тыйым салынған заттарға қатысы бар-жоғы сараптама барысында анықталады, деп қосты полицияда.


