Алматы тұрғыны adia_12.24 лақап атымен Threads әлеуметтік желісінде қалада төселген жаңа плитканың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Оның айтуынша, қазір плитка жылтырап тұр, ал қала тұрғындары оның қыста мұз айдынына айналуынан қорқады.

«Алматы әкімдігі, атқарған жұмыстарыңыз үшін, қаланы жаңартқаныңыз үшін рақмет! Бірақ менің сұрағым бар: бұл плиткалар қыста қаншалықты қауіпсіз? Қазір жылтырап тұр, ал қыста мұз айдынына айналмай ма?» — деп жазды ол.

Жазбаға Алматы әкімдігінің қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді. Ведомствода жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру кезінде белгіленген техникалық талаптарға сай бетон тротуар плиткасы қолданылатынын түсіндірді. Өндіруші плитканы халықаралық әдістемелерге сәйкес тайғанауға төзімділігі тұрғысынан сынақтан өткізген.

Басқармада тексеру ылғал беткейде, оның ішінде әртүрлі учаскелерде және бірнеше бағытта жүргізілгенін нақтылады. Сынақ нәтижелері бойынша материалдың тайғанамайтын қасиеттері расталды.

Сонымен қатар жекелеген жаяу жүргіншілер учаскелерінде термиялық өңделген гранит қолданылады. Оның беті бұдыр құрылымға ие, бұл аяқ киіммен ұстасуды қамтамасыз етіп, тайғанау қаупін азайтады.

«Осылайша, сынақ нәтижелері мен техникалық сипаттамаларға сәйкес, қолданылатын материалдар қауіпсіздік талаптарына сай және жаяу жүргіншілер аймақтарында пайдалануға арналған. Қаланы абаттандыру кезінде қолданылатын материалдардың сапасы мен қауіпсіздігі басқарманың бақылауында», — деп қосты ведомствода.