Алматының Жетісу ауданында 12 қарашада Бұрындай көшесінің бойындағы теміржол жолдарында жоспарлы антитеррористік оқу-жаттығу өтеді. Қала тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұрайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полиция департаментінің нақтылауынша, іс-шара сағат 8:00-ден 15:00-ге дейін жалғасады. Оқу-жаттығу кезінде жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысына шектеу қарастырылмаған.
Полиция дерегінше, оқу міндеттері көлік инфрақұрылымы нысандарында терроризм актісінің жолын кесу тетігін жетілдіруге бағытталған.
«Қауіпсіздік шараларын сақтауды және іске тартылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Сондай-ақ ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, жалған ақпарат таратуға жол бермеу қажет», — делінген хабарламада.
Полиция сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 443-бабын еске салды: қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан адамның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.


